Жылдық есеп / 2018

Басқарма
Төрағасының
үндеуі

2018 жылдың соңында Қазатомөнеркәсіп өз акцияларының 15%-ын халықаралық қор нарығына орналастырды. Қазақстандық және шетелдік инвесторлар біздің Компанияға лайықты баға берді. Негізгі акционер, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры акцияларды сатудан $450 миллион алды, ол елдің Ұлттық қорына жіберілді.
Ғалымжан
Пирматов
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК»
АҚ-ның Басқарма Төрағасы

Құрметті әріптестер, серіктестер және инвесторлар!
Сіздердің назарларыңызға»Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2018 жылғы жылдық есебі ұсынылып отыр. Атом холдингінің жетістіктері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның азаматтарының әл-ауқатына және қоршаған ортаның сақталуына Компанияның қосқан үлесін көрсетеді.

Бұл компанияны IPO-ға дайындау бойынша «Самұрық-Қазына» Қорымен бірлескен үлкен жұмыс нәтижесі және сонымен қатар жаңа акционерлер тарапынан сенім несиесі. Біздің өзімізге алған міндеттемелерді орындау қабілетіміз Компанияның беделін қалыптастырып, нарықтық және операциялық факторлармен қатар, біздің акцияларымыздың құнында да көрініс табатын болады.

Компанияның миссиясы жаңа Даму стратегиясына сәйкес — уран кен орындарын тиімді және қауіпсіз әзірлеу және барлық мүдделі тараптар үшін ұзақ мерзімді құндылық жасай отырып, қосылған құн тізбегінің компоненттерін дамыту. Енді операциялық қызметті жоспарлау үшін бастапқы нүктесі өндіріс көлемінің өсуі емес, нарықтық шарттарға сәйкес келу болып табылады. Қазатомөнеркәсіп уран өндіру көлемін 2017 жылы шамамен 8%-ға және 2018 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде бұрын жоспарланған көрсеткіштермен салыстырғанда 20%-ға төмендетті. Ішінара Қазатомөнеркәсіптің 2018 жылы жеткізілімдерді басқару жөніндегі іс-қимылының арқасында уран өнімдеріне сұраныс пен ұсыныс теңдестірілген болды.

Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания ретінде біз әлемдік уран тұтынушыларымен өзара қарым-қатынас жасауды жалғастырамыз, бүкіл әлем бойынша өз өнімдерімізді жеткізу географиясын әртараптандыруға тырысамыз. Қазатомөнеркәсіпте Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік Америка, Еуропа және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы атом энергетикасының операторлары кіретін клиенттердің қомақты базасы бар. 2018 жылы біз компания қызметінің бүкіл тарихында табиғи уранның рекордтық көлемін саттық, осылайша енді біз ірі өндіруші болып қана қоймай, сол сияқты әлемдегі уран сату бойынша көшбасшы да болдық.

Ядролық отын циклін дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру шеңберінде 2018 жылдың желтоқсанында Cameco Corporation-мен шарт жасалды, оған сәйкес Қазатомөнеркәсіп 2020 жылға қарай аффинаж және уранды конверсиялау технологияларын пайдалану құқығын алады, бұл біздің Компанияға — қажет болған жағдайда және нарықтың қолайлы конъюнктурасы кезінде — Қазақстан Республикасында технологияларды пайдаланудың экономикалық орындылығын бағалауға кірісуге мүмкіндік береді.

Өткен жылы біз Energy Asia Holdings (BVI) Limited компаниясынан Energy Asia (BVI) Limited компаниясының 40,05% акциялар пакетін және «Хорасан-U» БК»ЖШС жарғылық капиталындағы 16,02% қатысу үлесін сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтадық. Нәтижесінде «Байкен-U» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС және «Хорасан-U «БК» ЖШС-дағы Қазатомөнеркәсіптің иелену үлесі тиісінше 52,5%, 50% және 50% құрады.

Қазатомөнеркәсіп өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек және қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде озық тәжірибелерді қолданады және болашақта бұл аспект біздің команда үшін аса маңыздылығын сақтап қалатын болады. 2018 жылы біз экологиялық және әлеуметтік іс-қимылдар жоспарын қабылдадық, оның мақсаты — IFC (International Finance Corporation — Халықаралық қаржы корпорациясы) қыз-метінің Стандарттарын қоса алғанда, үздік халықаралық салалық практикаларға толық сәйкес келу. Бұдан басқа, біз жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде осы мақсаттарға қаражат бөле отырып, уран өндіретін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қолдауды жалғастырамыз. Біз сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктерді сақтадық және басқарудың корпоративтік жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастырдық.

Компания қол жеткізген нәтижелер Қазатомөнеркәсіптің барлық қызметкерлерінің еңбегінің арқасында ғана мүмкін болды, сондықтан ұйымшыл және тиімділігі жоғары команда — біздің негізгі құндылықтарымыздың бірі.

2018 жылғы қызметтің қорытындылары қолданыстағы стратегияның тиімділігін және белгіленген басымдықтардың маңыздылығын растап отыр. 2019 жылы Қазатомөнеркәсіптің жинаған қарқынын сақтап, уранның әлемдік нарығында жетекші позицияларды нығайтуға өз жолын жалғастыратынына сенімдімін. Біз нарықтық жағдайларға сәйкес өндіріс көрсеткіштеріне қол жеткізуге, барлық бизнес-процестердің тиімділігін барынша арттыруға және Компанияның ұзақ мерзімді құнын ұлғайтуға ұмтыламыз.