Жылдық есеп / 2018

Директорлар
Кеңесі Төрағасының
үндеуі

қолҚазатомөнеркәсіптің IPO-сы — бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел экономикасындағы мемлекет үлесін қысқарту бойынша қойған міндеттері аясында 2015 жылдың соңында Үкімет қабылдаған мемлекеттік меншікті жекешелендіру бағдарламасының бірінші негізгі элементі.
Джон
Дудас
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК»
АҚ-ның Директорлар
кеңесінің төрағасы

Құрметті акционерлер!
2018 жыл табысты жекешелендіру және екі халықаралық қор биржасында бағалы қағаздармен сауда-саттық бастаудың арқасында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және бүкіл Қазақстан Республикасы үшін тарихи жыл болды. Қазатомөнеркәсіп — бастапқы ұсыныс (IPO) барысында өз акцияларын бір мезгілде «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында (АХҚО/AIX) және Лондон қор биржасында (LSE) сәтті орналастырған алғашқы ұлттық компания.

Компания өзінің корпоративтік дамуының жаңа кезеңіне кірді. Енді оның акционерлері — қазақстандық инвесторлар мен жетекші халықаралық инвестициялық қорлар. Бұл Қазатомөнеркәсіп үшін коммуникациялардың ашықтығы мен корпоративтік басқару сапасына қатысты қосымша жауапкершілік. Жария компания ретінде Қазатомөнеркәсіптің осы маңызды салалардағы үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келуі үшін алдағы уақытта үлкен жұмыс атқару қажет болады.

2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2018-2028 жылдарға арналған жаңа Даму стратегиясы бекітілді. Пайымдауға сүйене отырып — жаһандық атом өнеркәсібі үшін Қолайлы Әріптес болу — осы кезеңге арналған стратегиялық мақсаттар тұжырымдалды. Компания негізгі қызмет түріне — уран мен ілеспе табиғи ресурстарды өндіруге және қайта өңдеуге шоғырланады, нарықтық жағдайларды ескере отырып өндіру, қайта өңдеу және сату көлемін оңтайландыруды, маркетинг және сату арналарын кеңейту функциясын күшейтуді, бизнес-қызметте озық тәжірибені қолдануды және сала көшбасшысы мәртебесіне сәйкес келетін корпоративтік мәдениетті дамытуды жалғастырады. Қойылған стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін Компанияның Директорлар кеңесінің жаңа құрамы қалыптастырылды, оған табиғи ресурстар саласында, сондай-ақ уран және атом салаларында үлкен халықаралық басқару тәжірибесі бар танымал кәсіпқойлар болып табылатын үш тәуелсіз директор кірді.

Өткен жылы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ны НОУ МАГАТЭ Банкі үшін төмен байытылған уранды (НОУ) жеткізушілердің бірі ретінде таңдағаны туралы жариялады. Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесі бұл таңдау әлемдік қоғамдастық тарапынан Компанияға уран өнімінің сенімді және мойындалған жеткізушісі ретінде сенімнің жоғары деңгейін куәландырады деп санайды.

2018 жылы өз қызметіндегі басты басымдықтардың біріне мойынсұну шеңберінде Қазатомөнеркәсіп Қазақстан Республикасының ұлттық компаниялары арасында бірінші болып «Нөлдік жарақаттану» (Vision Zero) тұжырымдамасын ілгерілету жөніндегі жаһандық бағдарламаның ресми қатысушысы болды, оның басымдығы біздің қызметкерлеріміз бен мердігерлеріміздің қауіпсіздігін, еңбекте қорғалуын және әл-ауқатын қамтамасыз ету болып табылады. Бағдарламаны халықаралық Әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы (МАСО) әзірледі және өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмауға және персоналдың кәсіби ауруларының алдын алуға бағытталған.

Директорлар кеңесі саланың ұзақ мерзімді перспективаларына және электр энергиясының көміртегісіз тұрақты көзі ретінде атом энергиясы әлемдік энергетикалық теңгерімнің маңызды және өсіп келе жатқан компоненттерінің бірі болып табылатынына сенімді. 2018 жылғы қызмет нәтижелері қазіргі уақытта қолданылатын Стратегияның тиімділігін растайды және Компанияның акционерлері мүддесінде одан әрі орнықты дамуын болжауға мүмкіндік береді.